Мемлекеттік бюджеттің шығысы - 98,6%, республикалық бюджеттің шығысы - 99,1%, жергілікті бюджеттің шығысы - 98,5% атқарылды. Үкімет отырысында 7 айдың қорытындысын жариялағанда қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осындай сандарды алға тартты.
"Республикалық бюджет шығысы 8 трлн 136 млрд теңгені құрады. 74 млрд теңгеге атқарылмаған. Оның ішінде үнемдеу – 13 млрд теңге, игерілмегені – 61 млрд теңге", – деді министр.
Бас қаржыгер ақшаның игерілмеуіне әдеттегідей шарт жасау рәсімінің ұзақтығы, орындалған жұмыс актілерінің ұсынылмауы себеп болғанын айтты.
"Жергілікті бюджеттің шығысы 4 трлн 172 млрд теңгені құрады. Биыл өңірлерге 2,3 трлн теңгені құрайтын нысаналы трансферт көзделген. Алдын ала деректер бойынша 1 тамыздағы кезеңде оларға 1,1 трлн теңге бөлінді. Қаржының 98,3% игерілді. Оның ішінде үнемдеу – 4 млрд теңге, игерілмегені – 15 млрд теңге", – деді министр Ерұлан Жамаубаев.
Қанат Махамбет