Түркияның Алания маңында болған жол апатынан жерлесіміз көз жұмды. Осылайша, бұл апаттан көз жұмғандар қатары 3 адамға жетіп отыр. Бұған дейін оқиға орнында көлікті тізгіндеген түрік азаматы мен гид қызметін көрсеткен украиналық азаматтың мерт болғаны хабарланған еді. 12 қазақстандық турист отырған шағын автобус жүк көлігіне соғылған.
Түркияда жол-апатына түскен бір топ қазақстандық отырған шағын автобус әуежайға асығып бара жатқан. 12 жерлесіміз отырған автобус жүк көлігіне соғылып, Екі адам сол жерде тіл тартпай кетті. Ал екі Қазақстан азаматы жергілікті аурухана жеткізіліп, операция жасалды.
Апат болған көлікте отырған 12 азаматтың барлығы Түркияға Ақтаудан саяхаттап барған. Операция жасалған екі адам ерлі-зайыпты. Бүгін таңертең көз жұмған марқұмның әйелі ауыр халде.
Соңғы жылдары Түркияда жол-көлік апаты жиі тіркелетін болған. Алты айдың ішінде 150-ден астам аварияның соңы өліммен аяқталған. 2022 жылда 1 млн. 232 мың апат болып, салдарынан 5229 адам қайтыс болған. Мұндай сандарды Түркиядағы жерлесіміз келтірді.
Бұған дейін де 2018 жылы Египетте 22 қазақстандық азамат отырған автобус аударылып, бәрі дін аман қалған еді. Ал, өкінішке орай, Түркиядағы кешегі апаттың соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Біз де жақынынан айырылған азаматтың туғандарына қайғыра көңіл айтамыз.