Өткен бір екі тәулік ішінде Жерорта теңізінде мыңға жуық мигрант құтқарылды. Дені – Ливиядан Италияға жетуді көздеген Солтүстік Африка елдерінің азаматтары, деп хабарлайды 24Хабар.
Олар Сицилия жағалауына жеткізіліп, алғашқы көмек көрсетілді. Мигранттарды құтқару үшін Италия жағалау қызметі ұзынсаны 9 операция өткізді.
Мәліметке сүйенсек, мыңға жуық босқын алты резеңке және 2 ағаш қайыққа бөлініп мінген. "Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, өткен жылы Жерорта теңізі арқылы Кәрі құрлыққа жетуді діттеген 4,5 мың мигрант суға кеткен. Еуропаға Ливия арқылы ағылған босқындардың дені соғыс аймағынан емес, экономикалық жағдайы нашар елдерден шыққан. Олардың Кәрі құрлықтан босқын мәртебесін алуға еш мүмкіндігі жоқ. Сондықтан Еуроодақ мұндай босқындарды келген еліне қайта жөнелтеді.