Алматы облысында көктемгі дала жұмыстарының қызған шағы. Қазір аймақтағы егіс алқаптарында тұқым себу жалғасып жатыр. Биыл өңір диқандарына көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай атқару үшін 21 мың тонна жанармай бөлінген. Жеңілдетілген бағамен берілетін сұйық отынның 6 мың тоннасы ендігі шаруа қожалықтарына жеткізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Жетісу өңірі – отандық ауыл шаруашылығы саласындағы өнімнің 20 пайызға жуығын беретін аграрлы аймақ. Өткен жылы облыстағы жалпы егіс алқабы 953 мың гектарға жеткен болатын.
Жалпы облыс бойынша суармалы жердің көлемі ұлғайды. Есеп бойынша, 25 мың гектар суармалы алқап айналымға қосылды. Осының арқасында биыл диқандар игеретін жер көлемі көбейді. Оның ішінде өңірдің негізгі дақылы саналатын қант қызылшасы егістігін 14 мың гектарға жеткізіп, жиналатын өнім мөлшерін 485 мың тоннадан асыру басты мақсатқа қойылған.
Сондай-ақ, аймақта жүгері өсіру қарқын алды. Қазір Панфилов ауданының диқандары жүгері алқабын жыртып, тұқым себуде. Биылғы егіс көлемі 26 мың гектардың шамасында болмақ.
"Биыл облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін жеңілдетілген бағамен берілетін жанармай көлемі 21 мың тонна шамасында. Қазір аудандардың тапсырысы бойынша, алғашқы айда тұтынатын 6 000 тонна сұйық отынды жергілікті жерге жеткіздік. Өңірде отын сақтайтын 6 жанар-жағармай қоймасы бар. Шаруашылықтардың техникасы толықтай дайын. Диқандар қажетті тұқымен қамтамасыз етілді. Жетісудағы егістік науқанын уақытында аяқтаймыз",–дейді Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров.