Бұл туралы елордада есеп берген өңір басшысы Бейбіт Исабаев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның айтуынша, өңірде 535 кәсіпорын бар, онда 26 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі өңдеуші сектордың үлесі 80%-ға жетті. Негізгі өндірілетін өнім – уыт, электр батареялары, темірбетон және жоғары вольтты электр желілеріне арналған металл тіректер.
"Облыс құрылған уақыттан бері 23 жаңа кәсіпорын іске қосылып, жұмыс істеп тұрған бесеуі кеңейтіліп, 759 жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл 39 млрд теңгеге тағы 12 кәсіпорын іске қосылып, 500-ден астам жұмыс орны ашылды", - деп атап өтті облыс басшысы.
Олардың ең ірісі – "Алмаз Керамикс". Кәсіпорынның екінші желісін қосу жылына 7 млн шаршы метр керамикалық плиткалар шығарып, 260 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Тағы бір маңызды жоба – "Майами Солар". Оның қуаттылығы жылына 100 мың дана күн батареяларын шығаруға мүмкіндік береді, қосымша 80 адам жұмыспен қамтылады.
Тау-кен саласын дамыту шеңберінде қуаттылығы жылына 860 мың тонна мыс концентратын өндіретін, құны 1,3 трлн теңгені құрайтын және екі мыңнан астам жұмыс орнын құратын металлургиялық зауыт құрылысын іске асыру басталды.
Қазіргі уақытта жабдықтар мен тауарларды сақтауға арналған қоймалар мен басқа да техникалық үй-жайлардың құрылысы аяқталды. Зауыттың құрылысы 2025 жылы басталып, 2027 жылы аяқталады.