"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалының директоры Гүлзия Таипова атап өткендей, осы жылдың 6 айында өңір бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлердің аударымдары мен жарналарының жалпы сомасы 39 млн теңгені құрады, деп жазады Inbusiness.kz.
"МӘМС-ке келіп түскен барлық қаражат сенімгерлік басқару шарты бойынша Ұлттық банкте сақталады және кейіннен МӘМС шеңберінде көрсетілетін қызметтерді төлеуге жіберіледі", — делінген Жетісу облысы әкімдігі хабарламасында.
Өткен жылдың қыркүйегінен бастап алдағы 12 айға МӘМС жарналарын төлеудің жаңа тетігі іске қосылғанын еске саламыз. Бұрын өткен 12 ай үшін жарналардың төленген болуы міндетті еді. Ал қазір жаңа әдісті таңдағанда өткен жылы төленбеген кезеңдер үшін төлеудің қажеті жоқ.
Жаңа механизмнің жұмыс істеу реті: әр айға жеке-жеке 3 500 теңгеден, яғни 12 төлем жасау керек, 2023 жылдың тамыз айынан 2024 жылдың шілде айына дейін. Бұдан бөлек, ескеретін жайт, 12 айға бір төлеммен аударуға болмайды. Себебі жүйе әр айды бөлек есептейді.