"Әділетті Қазақстанды құру дегеніміз – барша азаматтарға бірдей мүмкіндік жасау деген сөз. Сапалы білім жастардың болашаққа сеніммен қадам басуына және еліміздің дамуына жол ашады. Сондықтан жас ұрпақтың, әсіресе, ауылда тұратын балалардың жайлы мектепте алаңсыз білім алуына жағдай жасау өте маңызды.
Бұл өңірде апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен оқытатын мектеп жоқ. Бірақ босаңсуға болмайды. Қазір аймақта 12 мектеп салынып жатыр. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасымен алдағы 3 жылда тағы 7 білім ошағын салу жоспарланып отыр. Осы орайда, мердігерлердің жұмысы сапалы болуы керек. Олардың жұмысын қатаң бақылауға алу қажет", – деді Президент.