Панфилов ауданына қарасты Атамекен ауылында автокөліктерді заңсыз иемденуге байланысты қылмыс ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
33 және 34 жастағы екі ер адам алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы 13 автокөлікті иемденіп, жалпы сомасы 314 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірген.
Алаяқтардың бірінші құрбаны – Қытай азаматы. Олар бұл азаматқа автокөліктерін Грузияға жеткізіп береміз деп уәде беріп, нәтижесінде 6 көлігін алып кеткен: Jetour (үш автокөлік), Mercedes C260, Mercedes C260L және Mercedes GLC 260L. Кейін бұл көліктер Шымкент пен Жамбыл облысына жеткізіліп, таныстарына сатылған.
Алаяқтар арам пиғылын одан әрі жүзеге асырған. Келесі жәбірленуші – көлік тасымалымен айналысатын жеке кәсіпкер болған. Беларусь Республикасына көлік жеткізу үшін автокөлік тасымалдайтын көлігі бар жүргізуші іздеген кәсіпкер алаяқтармен танысып қалған. Бұл жолы олар 7 көлікті иемденген: Range Rover, Mini Cooper SE, Li 7 (үш автокөлік) және екі Li 9 (2 автокөлік). Қытайлық 5 көлік Жамбыл облысына жеткізіліп, алаяқтардың ортақ танысына сатылған. Қалған Range Rover мен Mini Cooper SE Алматыда арзан бағаға өткізілген.
Қазіргі таңда алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды. Күдіктілер қамауға алынды.
Алаяқтардың жапа шеккен Қытай азаматы қылмысты жедел ашқаны үшін Жетісу облысы полиция департаментінің басшылығына алғысын білдірді.
Оның айтуынша, құқық қорғау органдарының жедел әрі кәсіби іс-әрекеттерінің арқасында күдіктілер қысқа мерзімде анықталып, әділдік орнауына мүмкіндік туды.