Жетісу облысы Панфилов ауданына қарасты Шолақай ауылында 15 жастағы қызды өлтірген күдіктіге қатысты жаңа деректер шықты, деп жазады сілтеме жасап.
"2013 жылы Ахметов Рустам Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 120-бабының 2 - бөлігінің "а" тармағымен, 175-бабының 2-бөлігінің "а" тармағымен көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, мүлікті тәркілеусіз түпкілікті 5 (бес) жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға сотталған. Жазаның түзеу колониясының жалпы режимінде өтелуі белгіленген", - деп хабарлады Алматы облыстық сотының төрағасы Еліс Әбдіқадыров azattyq-ruhy.kz-тің ресми сауалына.
Материалда көрсетілгендей, сот төрағасы ресми жауапта Рустам Ахметовты 2013 жылы соттаған судьяның аты-жөнін айтпаған.
Ахметов бар болғаны екі жыл ғана темір тордың ар жағында өткізіп, шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шығарылады. Талдықорған қалалық соты оның мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырған.
"Рустам Ахметов ҚР ҚК-нің 72-ші бабы бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы талап-тілегімен сотқа жүгінген. Алматы облысы Талдықорған қалалық сотының қаулысы негізінде Сот сотталғанның талап-тілегін, жеке ісін және басқа құжаттарын зерттеп, қорғаушының баяндамасын, мемлекеттік айыптаушы прокурордың сотталғанның талап-тілегі жартылай қанағаттандыруға жататыны туралы қортындысын тыңдап, жәбірленуші Р.Ахметовтың шартты түрде мерзімінен бұрын босауға қарсылығы жоқ екенін ескерді. Осының негізінде және ҚР КПК - нің 480-бабын, ҚР ҚАК-нің 162-бабын басшылыққа ала отырып Сот Рустам Ахметовты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сотталғанның талап-тілегін жартылай қанағаттандыра отырып, бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының өтелмеген бөлігін 2 жыл 4 ай 10 күнге бостандығын шектеу түріндегі жазаға ауыстырып, ҚР ҚК-нің 44-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сотталушыға пробациялық бақылауды белгілеу бойынша қаулы шығарды. Қаулыға шағым немесе наразылық келтірілмеген", - деп жауап берді Еліс Әбдіқадыров.
2017 жылы күдікті 16 жасқа толмаған қызға қорлық көрсетеді. Рустам Ахметовтың ісін Алматы облысы Панфилов аудандық соты қараған. Жәбірленуші тараппен татуласып, моральдық шығын өтегеннен кейін оны соттамаған.
"2007 жылы Ахметов Рустам Қазақстан Республикасының ҚК-нің 122-бабында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деп айып тағылып, сотта ісі қаралған. Алматы облысы Панфилов аудандық сотының қаулысы негізінде қылмыстық іс сотталушының жәбірленушімен татуласуына және жәбірленушіге келтірген моральдық зиянның есесін толтыруына байланысты сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатумен осы Кодекстің 67 - бабының 1 - ші бөлігінің негізінде қысқартылған. Қаулыға шағым немесе наразылық келтірілмеген", - деп жауап берді Алматы облысы сотының баспасөз қызметі.