Полиция 25 миллион теңгеден астам қаражат ұрлаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
20 сәуірде Көксу ауданының полициясына Акционерлік қоғамның өкілінен арыз түсті. Онда аудандық филиал директорының кассадан қомақты соманы алып, белгісіз бағытта қашып кеткені хабарланған.
Акционерлік қоғам өкілінің айтуынша, күдікті өзінің қызметтік жағдайын асыра пайдаланып, қолма-қол ақша алып, жоғалып кеткен. Тексеру барысында 25 миллион теңгеден астам ақшаның жетіспейтіні анықталды.
– Іздестіру шаралары барысында күдікті ұсталып, өз кінәсін мойындады. Жауап алу кезінде ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсағанын түсіндірген, – дейді Көксу АПБ бастығының орынбасары Әділет Мақашев.