Жетісу облысында 8 жаңа су қоймасы салынып, 3 мың шақырымға жуық канал жаңартылады

139

Сонымен қатар 17 гидротехникалық нысанда кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Жетісу облысында 8 жаңа су қоймасы салынып, 3 мың шақырымға жуық канал жаңартылады Фото: gov.kz

2028 жылға дейін Жетісу облысында сегіз жаңа су қоймасы салынып, шамамен үш мың шақырым ирригациялық канал реконструкцияланады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сала министрі Нұржан Нұржігітов Жетісу облысының тұрғындарымен кездесіп, су шаруашылығын дамытуға бағытталған жоспарлар туралы айтты.Оның мәліметінше, Ақсу, Көксу, Панфилов, Сарқан, Алакөл аудандарында және Талдықорған қаласында жалпы сегіз жаңа су қоймасын салу көзделген. Нысандар Биен, Біже, Қорғас, Үсек, Тышқан, Балықты, Жаманты және Басқан өзендері бойында орналасады.

Бұдан бөлек, үш су қоймасын реконструкциялау және ұзындығы 2930 шақырым болатын каналдарды жаңарту, сондай-ақ 236,8 шақырым су арнасын автоматтандыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар 17 гидротехникалық нысанда кешенді зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

"Біздің жұмысымыздың басым бағыттарының бірі – су шаруашылығы инфрақұрылымын жөндеу және жаңғырту. Қазір жүзеге асырылып жатқан гидротехникалық құрылысжайларды салу мен реконструкциялау, ирригация желілерін автоматтандыру жобалары суды пайдалану тиімділігін айтарлықтай арттырып, оның шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Вегетация кезеңінің қорытындысы көрсеткендей, аграрлық сектордың тиімділігі су ресурстарын қаншалықты сауатты және жауапкершілікпен басқаруға байланысты. Бұл тек нақты жоспарлауды ғана емес, су саласын жүйелі дамытуды да талап етеді", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Кездесу барысында тұрғындар су үнемдеу технологияларына жұмсалған шығындарды субсидиялау және су тұтыну нормаларын қайта қарау мәселелерін көтерді. Кейін министр азаматтарды жеке қабылдап, гидроэлектр станциялары мен бөгеттер құрылысы, ирригация каналдарын жөндеу сияқты тақырыптар бойынша сұрақтарға жауап берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу