Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сарыөзектегі Рысқұлов, әл-Фараби көшелерінің бойындағы тозығы жеткен, 1960-1970 жылдары салынған, 240 отбасы тұратын ескі үйлер апатты деп танылған. Осы үйлердің тұрғындарын баспанамен қамту мақсатында 2024 жылдан бері жүйелі жұмыс атқарылып келеді.

– Апатты үйлердің тұрғындарына 2024 жылы бір 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген. Жуырда жаңа 60 пәтерлі үйден пәтерлер тапсырылды. Жыл соңына дейін тағы бір 60 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталады. Сонда Сарыөзектегі апатты үйлердің мәселесін толық шештік деп айта аламыз, – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Сонымен қатар сатып алынған 127 жеке тұрғын үй кезекпен берілуде, бүгінгі күнге 80 үй табысталды. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға 157 жеке тұрғын үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, келесі жылы үйлер кезекте тұрған отбасыларға беріледі.