Панфилов ауданындағы екі ауылдың тұрғындары береке-бірлік танытып, бірігіп, өз күштерімен көпір салып алды. Көпірдің ұзындығы 18 метр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өсек өзенінде бұрын соңды көпір болмапты. Диқанқайрат ауылының тұрғындары Шолақайға жету үшін 20 шақырым айналып өтіп жүрген. Жаңа көпір жолды 3 шақырымға дейін қысқартып, елді мекендер арасындағы қатынасты едәуір жеңілдеткен.
Көпір құрылысы көктемде басталған. Ауыл тұрғындары қаражат жинап қана қоймай, құрылыс жұмыстарына да белсенді қатысқан.
– Өзен арнасының екі жағымен қоса 400 метр болады. Мұнда тасқын судан қорғау үшін қосымша бөгет те қарастырылған. Жалпы сметалық құжат бойынша 16 млн теңге шамасында қаржы жұмсалды. Ауыл тұрғындарынан 2 млн теңгеге жуық қаржы жиналған. Одан бөлек, ауыл азаматтары арнайы техника, басқа да қажетті материалдарды өздері шығарып, жөндеу жұмыстарын жүргізген, – деді Панфилов ауданының баспасөз қызметі.