Жетісу облысына қарасты Сарқан аудандық соты бұрынғы мектеп директорына қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сотта мектеп директорына сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және ысырап ету фактісі бойынша (ҚК 189-бабының 3-бөлігі 2-тармағы) қылмыстық іс қаралды.
"Азаматша Б. мектеп директоры бола тұра, білім ордасының мүлкін жымқыруға бағытталған қылмыстық ойға келген. 2024 жылы 1 наурыздан бастап Б.-ның бұйрығымен Р.-ны кітапханашы және мемлекеттік мекеменің менеджері лауазымына тағайындаған. Наурыз айынан маусым айына дейін Р. менеджер лауазымы үшін еңбекақы ретінде алған 40 мың теңгені Б.-ның келінінің банктік шотына аударып отырған. Ал бұл қаражатты Б. өз қажетіне жұмсаған. Мемлекетке 190 мың теңге көлемінде материалдық залал келтірілген", – деп хабарлады аймақтық сот.
Мектепті бұрынғы басшысы қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған ұрланған мүлік құнының он есе мөлшерінде 1,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.