Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Ескелді ауданында өткен брифингте айтты.
"Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев облысымызға жұмыс сапарымен келіп, өңірді әлеуметтік-экономикалық жағынан одан әрі дамыту бағытында бірқатар тапсырмалар берген болатын.
Соған сәйкес пайдаланбай жатқан жерлерді қайтару жұмыстары жүргізілуде. 2022 жылы аэроғарыштық түгендеу жұмыстары нәтижесінде пайдаланбай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 1,077,2 мың гектар жер анықталды, оның 857,2 мың гектары жайылымдық жер", – деді аймақ басшысы.
Қабылданған шаралар нәтижесінде жайылымдық жердің 327 мың гектар айналымға енді, 401,7 мың гектар жер иелеріне бұзушылықтарды жоюға 1 жыл мерзімге нұсқамалар берілді.
"128,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды: 6,9 мың гектары егістік жер, оның ішінде 3,6 мың – суармалы, шабындық – 300 гектар, жайылым – 121,3 мың гектар. Қалған 220 мың гектар биыл қайтарылуы тиіс. Бүгінгі күнге қайтарылғаны 101,4 мың гектар", – деді аймақ әкімі.