Талдықорған қалалық соты №71 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Ж-ға қатысты терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама жасағаны үшін үкім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін аса ауыр қылмысы үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған Ж. 2024 жылы қарашада түзеу мекемесінде отырып 112, 103 және 102 шұғыл қызметтеріне қоңырау шалып, №25 орта мектепте және автовокзалда жарылғыш заттар қойылғаны туралы хабарлама жасап, автовокзалға жедел жәрдем бригадаларын жіберуді талап еткен. Бұл нысандарды эвакуациялау және тексеру барысында жарылғыш заттар табылмаған.
Сот оны ҚР ҚК-нің 273-бабы "Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау" бойынша кінәлі деп танып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Алдыңғы үкім бойынша өтелмеген жазаның ішінара қосылуын ескере отырып, соңғы жаза 25 жылға бас бостандығынан айыру болып белгіленді.