Жетісу облысындағы балабақшаларда қасақана қылмыс жасаған адамдар жұмыс істеген

261

Білім беру мекемелерінде балалар үшін қауіпті 200-ден астам заң бұзушылық анықталды.   

Жетісу облысындағы балабақшаларда қасақана қылмыс жасаған адамдар жұмыс істеген Фото: freepik

Прокурорлар Жетісу облысындағы балабақшаларда қауіпсіздік саласындағы көптеген заңбұзушылықты анықтады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

“Мәселен, Сарқан, Қаратал және Панфилов аудандарындағы 12 балабақшаның жанында жаяу жүргіншілер өткелдері мен "Балалар" белгілері жоқ. Сарқан және Алакөл аудандарындағы екі балабақшаның аумағы толық қоршалмаған. Бұл бөгде адамдар балабақшалар аумағына кедергісіз кіреді деген сөз. Панфилов ауданының 55 жеке балабақшасында "Шақыру дабыл түймесі" жүйесі жоқ. 40 балабақшада өрт қауіпсіздігін хабарлау жүйесі жұмыс істемейді, ал 2 балабақшада олар мүлдем жоқ”, – деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Алакөл, Ескелді және Сарқан аудандарының жеті балабақшасында бейнебақылау камераларының көпшілігі жұмыс істемейтін болып шықты. Ал Ақсу, Сарқан аудандары мен Текелі қаласының 9 балабақшасы өз қызметін мерзімі өткен санитарлық қорытындылар негізінде жүзеге асырды. Ал кейбір жағдайларда мерзімі өткен медициналық препараттар сақталған. Одан бөлек Ақсу ауданының 8 балабақшасында ішек таяқшалары табылды.

Сонымен қатар бірқатар балабақшада бұрын сотты болған адамдар қызмет еткен.

“Еңбек заңнамасының (Еңбек кодексінің 26-бабы) талаптарына қайшы, облыстың балабақшаларында бұрын қасақана қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған 11 адам жұмыс істеген. Сондай-ақ прокурорлар Кербұлақ ауданының балабақшаларында жалпы сомасы 25 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегін анықтады, олар бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды”, – делінген хабарламада.

Барлық анықталған құқық бұзушылықтар бойынша оларды жою туралы 22 қадағалау актісі енгізілді, 40 адам әкімшілік жауапкершілікке, 7 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу