Жетісу тұрғындарына жүзеге аспаған Вьетнам сапары үшін 100 мың теңге қайтарылды

315

Туристік компания сапар шарттарын ұшуға аз уақыт қалғанда өзгерткен.  

Жетісу тұрғындарына жүзеге аспаған Вьетнам сапары үшін 100 мың теңге қайтарылды Фото: intercity.by

Жетісу облысының тұрғындары Вьетнамға сапарға шығуды жоспарлаған. Алайда ұшуға аз уақыт қалғанда туристік компания бастапқы келісілген шарттарды өзгерткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әйелдер Дананг және Хойан қалаларына баруды жоспарлап, құны 449 мың теңге болатын турға алдын ала келіскен. Сапарды растау үшін әрқайсысы 50 мың теңгеден төлеп, жалпы 100 мың теңгені компания өкіліне Kaspi арқылы аударған.

Алайда алдын ала төлем жасалғаннан кейін сапар шарттары өзгерген. Бастапқыда келісілген екі қаланың орнына төрт қаланы қамтитын тур ұсынылып, оның құны 700-800 мың теңгеге дейін өскен.

Туристер жаңа шарттарға келіспей, бастапқыда келісілген тур бойынша есеп жасағанын айтқан. Сонымен қатар 19 тамызға жоспарланған ұшуға дейін оларға әуе билеттерінің сатып алынғанын немесе нақты бронь жасалғанын растайтын құжаттар ұсынылмаған.

Осыған байланысты туристер сапардан бас тартып, алдын ала төлеген 100 мың теңгені қайтаруды талап еткен. Алайда мәселені өз бетінше шеше алмаған соң, Жетісу облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген.

Өтінішке төлем құжаттары, туристік компания өкілімен хат алмасу және сапардың бастапқы шарттары мен кейінгі өзгерістерін растайтын материалдар қоса берілген.

Департамент мамандары өтінішті қарап, мәселені реттеуге жәрдемдесті. Нәтижесінде туристерге алдын ала төленген 100 мың теңге толық қайтарылды.

Осылайша, дау сотқа дейінгі тәртіппен шешілді.

Мамандар туристік қызметтерді сатып алу кезінде төлем құжаттарын, турдың құны мен маршруты көрсетілген ақпаратты, сондай-ақ компания өкілімен хат алмасуды сақтауға кеңес береді. Бұл материалдар дау туындаған жағдайда тұтынушының өз құқығын қорғауына көмектеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу