Жетісу университеті мен Италияның UNIVPM университеті қос дипломды бағдарламаларды іске қосады

257

Екі университет қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосу туралы келісімге келді.  

Жетісу университеті мен Италияның UNIVPM университеті қос дипломды бағдарламаларды іске қосады Фото: gov.kz

Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне Италия Республикасының Марке политехникалық университетінің (UNIVPM) ректоры Энрико Куальярини бастаған делегация ресми сапармен келді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Кездесу барысында Жетісу университетінің ректоры Ермек Бөрібаев Қазақстан мен Италия арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың дамуы және университет базасында ашылған UNIVPM филиалының қызметі туралы баяндады.

UNIVPM ректоры профессор Энрико Куальярини серіктестікті жоғары бағалап, оның екіжақты академиялық байланысты нығайта түсетінін атап өтті.

Жетісу университетімен қалыптасқан ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Бұл серіктестік студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, екі университет арасындағы байланысты одан әрі нығайта түседі, – деді профессор Энрико Куальярини.

Кездесу аясында екі университет басшысы қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру туралы келісімге қол қойды. Жаңа бағдарламалар "Ақпараттық жүйелер – Компьютерлік инженерия және автоматтандыру" (бакалавриат), "Экономика – Әлемдік экономика және коммерция" және "Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары – Жер және ауыл шаруашылығы ғылымдары" (магистратура) бағыттарын қамтиды.

Сапар барысында делегация университеттің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен, зертханаларымен және UNIVPM филиалының жұмысымен танысты. Сондай-ақ "Агрономия" бағдарламасының студенттерімен кездесу өтіп, оқу нәтижелері таныстырылды.

Атап айтқанда, жаңа оқу жылында аталған бағдарлама бойынша алғашқы бес студент Италияның Анкона қаласындағы Марке политехникалық университетіне оқуға барады. Сонымен қатар 12 студент итальян тілінің қарқынды курсын аяқтап, сертификат алды.

Іс-шара барысында университет ректорлары болашақ ұрпаққа арналған үндеу хаттар сақталған Уақыт капсуласын орнатып, Марке филиалы аллеясына ағаш отырғызды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу