"Жетісу" волейболшыларына спорттық база мен арнайы тұрғын үй салынады

416

Салынатын нысандардың эскиздік жобасын облыс әкімі Бейбіт Исабаев волейбол жаттықтырушыларымен және сәулет-құрылыс саласының мамандарымен бірлесіп талқылады, деп жазады inbusiness.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

"Жетісу" волейболшыларына спорттық база мен арнайы тұрғын үй салынады Фото: gov.kz

Облыс әкімі "Жетісу" волейбол клубының бұрыннан қалыптасқан өз ойын үлгісі бар екенін, клуб жұмысының жақсы жолға қойылғанын айта келе, алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылу керектігін тілге тиек етті. Ол үшін спортшыларға барлық жағдай жасалады.

Бейбіт Исабаев құрылыс барысында спорттық нысандарға қойылатын барлық нормативтердің қатаң ескерілуі тиіс екенін айтты. Осы орайда клуб жаттықтырушылары құрылыс нысандарын жобалаушылармен бірлесіп жұмыс істеуі тиіс.

Үш қабаттан тұратын спорт базасында ерлер мен әйелдер командаларына арналған жеке ойын залдары, массаж кабинеттері, душ кабиналары, тренажерлық залдар, медицина маманына арналған кабинет, әкімшілікке арналған бөлмелер – жалпы спортшылардың оқу-жаттығуына қажетті жағдайлардың барлығы қарастырылатын болады. Нысанның құрылысына керекті қаржы облыс бюджетінен бөлінеді.

Ал клуб ойыншылары мен жаттықтырушыларына арналған 4 қабатты тұрғын үй жеке инвесторлар есебінен тұрғызылмақ. Онда ерлер мен әйел спортшыларға арналған блоктар бөлек болады. Тұрғын үйде жатын бөлмелермен қатар шаруашылыққа қажетті бөлмелер, ас әзірлейтін орын, асхана, массаж кабинеті, медперсоналға арналған бөлме, демалыс бөлмесі және басқа да қажеттіліктер қарастырылады.

"Жетісу" әйелдер волейбол командасының жаттықтырушысы Елена Павлова, спорттық директоры Валерий Беленков және басқа да жаттықтырушылар сәулет және құрылыс саласы мамандарымен бірге нысандар құрылыстарын талқылау барысында ортақ тұжырымға келіп, эскиздің егжей-тегжейін кеңесе жобалауға келісті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу