Жыл басынан бері интернет-алаяқтар жетісулықтарды 516 млн теңгеден астам шығынға ұшыратқан, деп жазады inbusiness.kz сайты.
119 азамат өзін банк қызметкерімін деп таныстырғандарға алданса, тағы 100-ден астам адам интернет хабарландыруларға сеніп тауар, қызметі үшін алдын ала төлем жасап, қомақты қаражаттан айырылған.
Жетісу облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, биыл 10 айда алаяқтық ісімен 341 факті тіркелген.
Әккі алаяқтардың қылмысын әшкерелеу да оңайға түспей тұр. Полицейлер биыл тіркелген 341 қылмыстың 18%-ын ғана ашқан.
Дегенмен, департамент мамандары алаяқтық қылмысына қатысты күресті күшейткенін айтады.
– Олар Telegram арнасында криптовалютаға арналған шоттарды сатуға арналған жарнаманы тауып Tokaev obnal, Starline, Joker obnal, "Джордж Оливер" телеграм каналдарымен жұмыс істеген. Жоғарыда аталған тұлғалардың әрбірі телефонына (атына 7 банктік өтінімді жүктеп алған) түскен соманың 20%-ын, яғни есепшоттар арқылы күніне орташа есеппен 4 млн теңге алып отырған, – деді Жетісу облысы ПД КПБ аға жедел уәкілі, полиция капитаны Ернат Серікханұлы.
Құзырлы орган өкілдері киберқылмыс, оның ішінде телефон және интернет-алаяқтарының қулығына құрық бойламай тұрғанын ескертеді. Халықты сақ болуға шақырады.