Жетісуда жасанды интеллект арқылы жалған түбіртек жасаған кәмелетке толмағандар тобы әшкереленді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өңірде үш кәмелетке толмаған жасөспірім жалған банктік түбіртектерді жасау үшін жасанды интеллект құралдарын пайдаланған. Олар сатушыларды жаңылыстыру арқылы тауарларды бірнеше рет жымқырған.
"Құқыққа қарсы әрекет нақты ақша қаражатының түсуі мен сатып алушылар ұсынған электрондық түбіртектер арасындағы сәйкессіздікті байқаған кәсіпкерлердің өтініштерінен кейін жедел анықталды. Аталған дерек бойынша алдын ала сөз байласу арқылы бірнеше рет жасалған алаяқтық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды", – деп хабарлады Бас прокуратура.
Жетісу облысының прокуратурасы кәсіпкерлер мен азаматтарды сақтықты күшейтуге шақырып, төлемдерді тек банктердің ресми мобильді қосымшалары және транзакцияларды растау сервистері арқылы тексеруді ұсынады.