Жетісуда алимент төлемегендерге қатысты 9 қылмыстық іс тіркелді

249

Балалардың пайдасына 185 млн теңге өндірілді.  

Жетісуда алимент төлемегендерге қатысты 9 қылмыстық іс тіркелді Фото: menafn.com

Жетісу облысында балаларын асыраудан жалтарған ата-аналарды жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылданып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Облыс прокуратурасының қадағалау қызметі нәтижесінде балаларды асырауға қаражат төлемеу фактілері бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабымен 9 қылмыстық іс тіркелген.

Мәселен, Текелі қаласының тұрғыны соттың заңды күшіне енген шешімін ұзақ уақыт орындамай, кәмелетке толмаған қызына алимент төлемеген. Соның салдарынан берешек көлемі 2,1 млн теңгеден асқан.

Борышкерге бірнеше рет ресми жұмысқа орналасу ұсынылғанымен, ол жұмыс істеуден бас тартып, ата-аналық міндетін орындаудан жалғастыра берген. Бұған дейін ер адам осыған ұқсас құқықбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Сот шешімімен азамат В. кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.

Қылмыстық қудалау шараларымен қатар, облыс прокуратурасының бастамасымен 54 борышкер ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігі (сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін және атқарушылық құжатты орындамау) бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Қабылданған шаралар нәтижесінде балалардың пайдасына 185 млн теңге өндірілді.

Прокуратура алимент төлеуден жалтарып жүрген тұлғаларды жауапкершілікке тарту және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу