Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Сарқан ауданының тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды. Бүгінгі таңда ауданда 33,4 мың гектар суармалы жер бар. Былтыр Тәуке және Ащылы-Өзек ішкі шаруашылық каналдарын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 1,6 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі күні 17 шақырым арық жүйесі салынып, жұмыс 95 пайызға орындалды. Нәтижесінде 4 мың гектарға жуық жерді суармалы сумен қамтамасыз ету жақсарады. Мұнымен қоса, 207 млн теңгеге 119 шақырым 10 ішкі шаруашылық каналдарына механикалық тазарту жүргізілді.
Кездесуде облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндап, Сарқан ауданында іске асып жатқан іргелі істерді сөз етті.
Сарқан ауданы – егіс алқаптары бойынша аудан облыстағы жетекші өңірлердің бірі және әртараптандырылған ауылшаруашылық өндірісі бар аграрлық аймақ. 98 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарының 32 түрі егілді. Қант қызылшасын өсіру аудан үшін дәстүрлі, мамандандырылған сала болып табылады. Осы мақсатта биыл ауданда қант қызылшасының егіс алқабы 1,3 мың гектарға себілді. Аудан әкімдігі қызылша өсіру және егінді уақытылы жинауды қамтамасыз ету мақсатында шаруашылықтармен жұмыс істеуге көңіл бөлуі қажет. Күзде Ақсу қант зауыты өз жұмысын бастайды, бұл қант қызылшасының көлемін одан әрі ұлғайту үшін қосымша мүмкіндіктерге жол ашады, – деді Бейбіт Исабаев.
Ауданда мал 268 мың басты құрайды. Бұл өткен жылдың есепті кезеңінен 4,6 пайызға артық. Мал басының өсуіне қарамастан мал шаруашылығы өнімдерінің өсімі байқалмауда. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 6,7 мың тоннаға жуық ет және 22,5 мың тонна сүт өндірілді. Себебі, ауданда малды асылдандыру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеуде Сондықтан мал басын асылдандыруды қолға алу қажет. Бейбіт Өксікбайұлы аудан әкімі Ғалымжан Маманбаевқа селекциялық жұмысты күшейте отырып, өнімнің көлемін арттыруды тапсырды.
Жиында ветеринария саласы ерекше аталды. Себебі, аталмыш салаға үлкен көңіл бөлінуде. Ондағы инфрақұрылымды жақсарту, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мен қатар, осы сала мамандарының жалақыларын көтеру мақсатында облыстық бюджеттен 3 млрд 166 млн теңге бөлген. Бүгінде ветеринариялық препараттарды тасымалдау үшін 1 рефрежератор автокөлігі, 20 дана қызметтік автокөлік, планшеттер мен компьютер жиынтықтары сатып алынды және 18 дана модульді ветеринариялық пунктің құрылысы басталды. Ал Сарқан ауданы бойынша 38,2 млн теңге бөлініп, Черкасск ауылдық округінде бір ветеринариялық пункт салынады және екі автокөлік пен қажетті компьютерлік жабдықтар сатып алынды.
Ендігі негізгі мақсат – малды уақытында егіп, қанын тексеріп ақпараттық базаға салып отыру керек. Жалған тексердік, ектік деп есеп беруді тоқатату қажет. Құрметті ағайын, бір нәрсені түсінуіміз керек. Бұлай алдасақ, өзіміздің, балаларымыздың денсаулығына балта шабамыз. Жейтін етіміз, ішетін сүтіміз сол малдан шығады. Кейіннен бала ауырды деп, мыңдаған ақша шығарып емдейміз. Оның қажеті жоқ. Жейтін тағам, ауа, су бірінші кезекте болуы тиіс. Сондықтан, осы саладан ақша аямуыымыз керек. Мал мен адамның денсаулығы бір-бірімен тікелей байланысты, – деді облыс басшысы.
Сонымен қатар кездесуде жер мәселесіне де сөз болды. Аудан бойынша жеке сектордағы мал басының көбеюіне байланысты жайылымдық жердің тапшылығы туындауда. Мысалы, Көкөзек ауылы мен Сарқан қаласында жайылымдық жерлердің тапшылығы ерекше байқалып отыр. Бұл жерлерде ірі 9 шаруа қожалық 53 мың га жерді пайдаланбай отыр. Тиісті ескертулер берілді. Жалпы 2022-2023 жылдары ауданда 90,6 мың гектар пайдаланылмайтын жерлер анықталды. Өткен жылдан бері барлығы 34,7 мың гектарды мемлекет меншігіне қайтарған, оның 32 мың гектары жайылымдық жер. Қалған 55,9 мың гектар жерге заңнамаға сәйкес 1 жыл мерзіміне дейін заң бұзушылықтарды жоюға нұсқама берілді.
Сондай-ақ, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, халықты тұрғын үймен, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жайы да назардан тыс қалмады. Айталық, Сарқан ауданында 36 елді мекеннің 28-і немесе 77,7 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Сарқан қаласының ауыз су жүйесінің бас су торабын қайта жаңғырту бойынша қосымша арна асты құбырлар, резервуарлар салу жоспарланған. 2023 жылғы 28 сәуірде техникалық кеңес қорытындысына сәйкес жобаға түзету енгізіліп, жергілікті тазалау станциясын қосу қарастырылды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, мемлекеттік сараптамадан өту мерзімі – 2023 жылғы шілде айы. Құрылыс жұмыстарының құны шамамен 1,3 млрд теңгені құрайды.
Аудан экономикасының дамуында туризм саласы ерекше орын алады, онда дамудың 2 бағыты, яғни, тау туризмі және Балқаш көлінің жағалауын дамыту айқындалды. Балқаш көлінің жағалауында туристерді орналастыратын 18 нысан бар, өткен жылы олар 17,4 мың адамға қызмет көрсетті. 5 жылдың ішінде Балқаштың жағалауына миллиондаған турист келуі керек. "Балқаш" туристік-рекреациялық аймағын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен Бас жоспар әзірленді. Келесі жылдың екінші жартыжылдығында инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысы басталмақ, – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.
Жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт саласына жеке-жеке тоқталған өңір басшысы:
Бюджетке енгізіп, Балқаш көлінің жағасынан 120 орынды балаларды емдеу-сауықтыру орталғын ашу керек. Халыққа өте қажет, әсіресе, мүгедектігі бар, тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балалары тегін қызмет алады. Салып береміз. Өткен кездесуде тұрғындар "Күншуақ" балалар мен жасөспірімдерге арналған сауықтыру лагерін мемлекет меншігіне қайтару туралы мәселе көтерген. Мен лагерьдің жұмысын ұйымдастыру жөнінде аудан басшылығы мен білім басқармасына тапсырма берген болатынмын. Осы күнге дейін тапсырма толығымен орындалмады. Осыған байланысты, облыстық білім басқармасына қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес 6 ай мерзім ішінде балалардың демалысын ұйымдастыру бойынша міндеттемелерін орындамауы негізінде лагерь иесімен жалдау шартын бұзу туралы сот органдарына талап арыз жолдауды, облыстың қаржы басқармасымен бірлесіп, лагерь қызметін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын, – деп балалардың жызғы лагері жайлы айтты.
Кездесудің сұрақ-жауап кезеңінде Амангелді ауылдық округінің тұрғындары 1961 жылы салынған мәдениет үйін жөндеп беруді сұрады. 1300 шаршы метр құрайтын ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 26 млн. теңге керек. Бейбіт Исабаев 3000-ға жуық халық тұратын ауылдық округке мәдениет үйі қажет екенін, сол үшін қаржы бөлінетінін жеткізді.
Тополёвка, Екіашаның тұрғындары Бақытжан Тоқпақова мен Светлана Исаханова жол мәселесін көтерді. Нәтижесінде облыстық маңызы бар жолды жөндеу 2025 жылы басталады. Аудан тұрғындары тарапынан түскен жанаржағармай мәселесі, аудандық мәдениет үйінің алдында талантты актер Құман Тастанбековтың бюстін орнату секілді ұсыныстар оң шешімін табады.