Жетісуда бюджеттен 85,1 млн теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді

251

Сметада асфальтобетон қалдығы 20 есеге артық көрсетілген.  

Жетісуда бюджеттен 85,1 млн теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді Фото: kg.vesti.news

Жетісу облысында прокуратураның араласуынан кейін мемлекеттік инвестициялық жоба бойынша шарт құны 85,1 млн теңгеге төмендетілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Талдықорған қаласының прокуратурасы мемлекеттік инвестициялық жобаларға бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына талдау жүргізген. Нәтижесінде қаладағы магистральдық жылу желілерін реконструкциялау жобасында жұмыс құнының негізсіз ұлғайтылғаны анықталды.

Сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде алынатын асфальтобетон массасын есептеуде қате кеткен. Атап айтқанда, алынатын қабаттың қалыңдығы ескерілмеген.

Соның салдарынан шығарылуға тиіс қалдық көлемі нақты 5 273,7 тонна орнына 105 474 тонна деп көрсетілген. Яғни көрсеткіш шамамен 20 есеге артық есептелген.

Прокурорлық қадағалау актісі қаралғаннан кейін шарт құны 85,1 млн теңгеге төмендетілді. Осылайша, бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.

Жалпы Жетісу облысында прокурорлық қадағалау шаралары арқылы бюджет қаражатының 1,2 млрд теңгеден астам сомасының негізсіз жұмсалуына жол берілмеген.

Облыс прокуратурасы бюджет қаражатын тиімді пайдалану және негізсіз шығыстарға жол бермеу бағытындағы жұмысты жалғастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу