Жетісу облысында полиция қызметкерлері есірткі және психотроптық заттарды заңсыз сақтап, таратты деген күдікпен 19 жастағы жігітті ұстады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жедел ақпаратты тексеру барысында Көксу ауданының Балпық би ауылында жанармай құю станцияларының бірінің маңында Daewoo көлігі тоқтатылған. Көлік ішінде көршілес өңірдің 19 жастағы тұрғыны болған.
Тінту кезінде көліктен скотчпен оралған пакет табылды. Оның ішінен таратуға дайындалған ұнтақ тәрізді зат салынған 310 орама тәркіленді.
Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттардың арасынан 65 грамнан астам мефедрон, 79 грамнан астам α-PVP және шамамен 17 грамм гашиш анықталған.
Осылайша, полиция есірткі және психотроптық заттардың ірі партиясының одан әрі таралуына жол бермеді.
Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір тыйым салынған заттардың қайдан алынғаны, оларды тарату арналары және істің өзге де мән-жайлары анықталып жатыр.
Полиция есірткі заттарының заңсыз айналымы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды. Өңірде есірткінің таралу арналарының жолын кесуге бағытталған жедел-профилактикалық жұмыстар жалғасуда.