Жетісу облысында фельдшерлер бір отбасының өмірін құтқарып қалды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ескелді ауданының №6/6 жедел жәрдем бригадасы кезекті шақыртудан қайтып келе жатып, Текелі қаласына жақын тас жол бойында өртке оранған үйді байқайды.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, фельдшерлер Ғабит Ерғажы мен Дамира Рахимова, сондай-ақ жүргізуші Мұрат Сәтеков бірден әрекетке көшкен. Олар көлікті тоқтатып, сирена мен жарық шамдарын қосып, үйге жүгіріп барады.
Үйдің есіктері жабық болған, іштен ешқандай тіршілік белгісі көрінбеген. Соған қарамастан, бригада мүшелері есік пен терезені тоқтаусыз қағып, іште ұйықтап жатқан адамдарды оятып үлгереді.
Жедел жәрдем қызметкерлерінің көмегімен тұрғындар тек құжаттарын ғана алып, үйден шығып үлгереді. Бірнеше минуттан соң баспана толықтай өртеніп кеткен.