Жетісу облысының биік таулы аймақтарында сел қаупін азайтуға бағытталған алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараларды Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің мамандары жүргізуде.
Қазіргі уақытта Ақсу өзені бассейніндегі №62 және Сарқан өзені бассейніндегі Ақкөл мұздақ көлдерінде сифондық жүйелер іске қосылды. Олар көлдердегі су деңгейін кезең-кезеңімен қауіпсіз межеге дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Биен өзені бассейніндегі №18 және Қорғас өзені бассейніндегі Қапқан мұздақ көлдерінде сифондық жүйелерді монтаждау және іске қосуға дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сел қаупі кезеңі аяқталғанға дейін мамандар полиэтилен құбырлары арқылы сифондық әдіспен су деңгейін бақылаулы түрде төмендетеді. Бұл мұздақ көлдердің жарылу қаупін азайтып, сел ағындарының қалыптасу ықтималдығын төмендетуге бағытталған.
Бұдан бөлек, профилактикалық шаралар аясында "Қазселденқорғау" мамандары Ионосфера институты, Гляциология орталығы және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдерімен бірлесіп Алматы қаласы мен Алматы облысындағы мұздақ көлдерге батиметриялық зерттеу жүргізді.
Қазіргі уақытта Алматы облысындағы Талғар өзені бассейнінің мұздақ көлдеріне автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату жұмыстары да жүріп жатыр. Жүйе биік таулы көлдердің жағдайын нақты уақыт режимінде бақылап, ықтимал сел қаупі туралы ерте ескерту мүмкіндігін арттырады.