Жетісу облысында полицейлер жол үстінде өртене бастаған жүк көлігінен 38 жылқыны аман алып шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиға Алматы – Өскемен тасжолының 175-шақырымында болған.
Патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері қозғалыс үстіндегі Volvo жүк көлігінен өрт шыққанын байқап, дереу тоқтаған. Олар дереу жүргізушіге көмекке ұмтылған.
Жүк көлігінде 38 жылқы болғандықтан, жағдай күрделене түскен. Өрт сөндірушілерді күтпестен, полицейлер малды көліктен шығарып, бір мезгілде жалынды сөндіруге кіріскен.
Жедел әрекеттің арқасында барлық 38 жылқы қауіпсіз жерге шығарылды. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Белгілі болғандай, жүргізуші жылқыларды Күршімнен Шымкентке тасымалдап бара жатқан. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.