Жетісу облысында патрульдік полиция қызметкерлері жол бойында өртене бастаған көлікті дер кезінде сөндіріп, адамдарды қауіпсіз жерге шығарып үлгерді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Патрульдеу барысында сақшылар Mazda автокөлігінің астынан қою түтін шыққанын байқап, бірден әрекетке көшкен. Қауіпті жағдайға қарамастан, полиция қызметкерлері Жандос Берліқожанов пен Кервен Рымжан өртті қолда бар құралдармен сөндіруге кірісіп, ең алдымен көліктегі адамдарды қауіпсіз жерге эвакуациялаған.
Олар жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметін шақырып, арнайы қызметтер келгенге дейін жағдайды бақылауда ұстап, жол қозғалысын реттеген. Жедел әрі үйлесімді әрекеттің арқасында оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Полицейлер бұл әрекетті өздерінің күнделікті міндеті ретінде бағалап, ең бастысы – адам өмірін сақтау екенін атап өтті.