Жетісу облысында облыстық маңызы бар "Талдықорған – Үштөбе" автожолының орташа жөндеуі аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
42 шақырымдық жолды жаңарту жұмыстары жоспарланған мерзімнен екі ай бұрын аяқталған.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, жолды жөндеу туралы тапсырманы облыс әкімі Бейбіт Исабаев өткен жылы Қаратал ауданы тұрғындарымен кездесуінде берген. Жобаға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыс биыл мамыр айында басталған.
Жолдың 27 шақырымына екі қабат асфальт төселіп, негізі түзетілді. Қалған 15 шақырымында жолдың негізі талапқа сай болғандықтан, бір қабат асфальт жамылғысы жүргізілді.
Жөндеу барысында 13 жердегі су өткізгіш құбыр ауыстырылып, төрт бағдаршам орнатылды. Сондай-ақ төрт аялдама жөнделді. Жол бойындағы таңбалар ұзақ уақыт қызмет ететін термопласт материалымен салынуда.
Қазір жол жиектерін реттеу жұмыстарының 50 пайызы аяқталған. Жолды осы айдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жөнделген жол бойындағы Ескелді ауылының тұрғындары да жаңарған жолдың қатынасты жеңілдеткенін атап өтті.
Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде Жетісу облысындағы облыстық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 97 пайызға жуықтады. Биыл өңірде 370 шақырымға жуық автомобиль жолын жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар 38 елді мекенде 230-ға жуық көше жолы жөнделіп жатыр.