Жетісу облысында ауыл шаруашылығымен айналысатын жастардың қатары артып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Солардың бірі – Талдықорған қаласының тұрғыны Сергей Рашевский. Ол құс өсіру кәсібін дамытып, ферма аумағында африкалық түйеқұстарды өсіруді қолға алған. Алдағы уақытта кәсіпкер байланыс зообағын ашуды жоспарлап отыр.
Жас фермер кәсібін 100 балапаннан бастаған. Қазір оның фермасында құс саны 2400 басқа жеткен. Кәсіпкер пластикалық терезе өндірісінен тапқан қаражатының 26 млн теңгесін фермаға инвестициялап, электр жарығы, желдету және жылыту жүйелерімен жабдықталған құс қорасын салған.
Фермада отбасы мүшелерімен бірге бір тұрақты жұмысшы еңбек етеді. Маусымдық жұмыстарға тағы төрт адам тартылады.
– Біз Кобб-500 және Росс-308 тұқымды құстарды өсіреміз. Бұл құстар өте нәзік келеді. Мысалы, температураның күрт ауытқуынан күйзеліске түсіп, өліп қалуы мүмкін. Сондықтан ең алдымен олар үшін жайлы құс қорасын салдым. Бұрын балапандарды жұмыртқадан шығарып өсіретінбіз, қазір Алматыдан бір тәуліктік балапандарды сатып алып, шамамен 45-50 күн өсіреміз. Оларды отандық құрама жеммен қоректендіреміз, сондай-ақ ұсақталған жүгері мен бидай қосамыз. Осы уақыт ішінде жас тауықтың салмағы 2-3,5 келіге дейін жетеді. Өнімімізді тек тұтас күйінде ғана емес, бөлшектеп өңдеп, "Экоферма" брендімен қаптап сатамыз. Өнімді өткізуде бізге, әрине, интернет, сондай-ақ базарлар мен шағын дүкендер көмектеседі, – дейді Сергей.
Фермада тазалыққа да ерекше мән беріледі. Құстар сойылғаннан кейін қора бірнеше кезеңмен дезинфекцияланып, еденге жаңа үгінді төселеді.
Фермадағы ерекше жоба – африкалық түйеқұстарды өсіру. Қазір мұнда екі екі айлық түйеқұс балапаны бар. Кәсіпкер олардың жергілікті климатқа бейімделуін зерттеп, болашақта санын көбейтуді көздеп отыр.
– Қазір оларды өсіру тәжірибесін жинақтап жүрмін. Дұрыс күтім мен баптау жағдайында түйеқұстар жергілікті климатқа жақсы бейімделеді. Алдағы уақытта олардың санын көбейтіп, түйеқұс жұмыртқасы мен етін сатуды жоспарлап отырмын. Жалпы, түйеқұс еті диеталық әрі құнарлы болып саналады, ал жұмыртқасы мен қауырсындарына да сұраныс бар. Бірақ бұл – жоспарымның бір ғана бөлігі. Негізгі арманым – өзімнің байланыс зообағымды ашу. Алдымен эму, тауыс, аққу және басқа да экзотикалық құстарды әкелуді көздеп отырмын. Саяжай аумағы оған мүмкіндік береді, әрі ешкімге кедергі келтірмейміз. Өзім пластикалық терезе өндірісімен 14 жылдан бері айналысып келемін. Енді ісім тек табыс қана емес, жан тыныштығын да сыйлағанын қалаймын, – дейді фермер.
Кәсіпкердің айтуынша, байланыс зообағы отбасылық демалыс орнына айналып, мектеп оқушылары мен қала тұрғындарына экскурсия ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
– Әрине, мемлекеттік қолдау алғанды қалаймын. Маған "Ауыл аманаты" бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалануға кеңес беріп жатыр. Жалпы, кезең-кезеңімен фермерлікпен толық айналысуға көшіп, жерлестерімнің игілігі үшін экологиялық таза азық-түлік өндіріп, осылайша өз өңіріме, өз еліме пайда әкелгім келеді, – деп түйіндеді фермер.
Айта кетейік, қазіргі таңда Жетісу облысында құс саны 1,7 млн бастан асады.