Жетісу облысында ауыр жүк көліктерінің автоматтандырылған өлшеу станциясын айналып өтуіне мүмкіндік берген жол жабылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сарыөзек – Көктал" республикалық маңызы бар автожолының учаскесінде жүргізілген тексеру кезінде жүк көліктері өндірістік қажеттіліктерге арналған техникалық жол арқылы автоматтандырылған өлшеу станциясын айналып өткені анықталған.
Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен "ҚазАвтоЖол" филиалының арнайы техникасы арқылы аталған айналма жолдар бөгеттелді. Қазір жүк көліктері автоматтандырылған өлшеу станциясы арқылы өтеді.
Сондай-ақ прокуратура, көліктік бақылау инспекциясы және әкімшілік полиция қызметкерлерінен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, мобильді салмақ өлшеу кешендерінің санын арттыру туралы шешім қабылданды.
Бұдан бөлек, "ҚазАвтоЖолмен" бірлесіп Қонаев қаласына кіреберісте автоматтандырылған жүйе орнату мәселесі пысықталып жатыр.
Жыл басынан бері көліктік бақылау инспекциясы салмақ параметрлерін сақтамаған 22 мың тасымалдаушыны әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Оларға 6 млрд теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар артық салмақпен көлік шығуына мүмкіндік берген 363 кәсіпорын жауапкершілікке тартылды.