Жетісу облысының Ескелді ауданындағы Жаңалық ауылының тұрғындары бес жыл бұрын болған қайғылы оқиғадан кейін алкогольден толық бас тартуға шешім қабылдаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Содан бері ауыл өңірдегі ең қауіпсіз елді мекендердің біріне айналды.
Бес жыл бұрын ауылда ішімдікке байланысты қайғылы жағдай болып, жергілікті тұрғын қаза тапқан. Осы оқиғадан кейін ауыл ақсақалдарының бастамасымен дүкен сөрелерінен алкоголь өнімдері алынып, тұрғындар ішімдік сатудан бас тартқан.
Содан бері Жаңалықта қылмыс тіркелмегені айтылады. Ауыл тұрғындарының сөзінше, алкогольден бас тарту елді мекеннің тыныс-тіршілігіне оң әсер еткен. Жастар спортқа көбірек көңіл бөліп, отбасыларда тыныштық пен өзара түсіністік нығайған.
Қазір Жаңалық Жетісу облысындағы алкогольден бас тартқан 30 ауылдың қатарына кіреді. Полиция қызметкерлері де елді мекенді қауіпсіздігімен ерекшеленетін ауылдардың бірі ретінде атап өтеді. Дегенмен, мұнда құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.
Мамандардың мәліметінше, көптеген қылмысқа алкогольдің әсері себеп болады. Жаңалық тұрғындарының тәжірибесі салауатты өмір салтын ұстану мен ортақ шешімнің ауылдағы қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететінін көрсетеді.