Алматы облысында туризмді дамыту үшін аймақтың авиапаркі жаңа ұшақпен толықтырылды, деп хабарлайды 24.kz.
Чехияда құрастырылған 2 жаңа "L-410" ұшағы Талдықорғанға жеткізілді. Ықшам әуе кемесі енді Жетісу аймағының туристік өңірлерін байланыстырып, саланы дамытуға үлес қосатын болады.
Былтыр облыстың туристік аймақтарына 2 миллионнан астам адам келсе, олардың басым бөлігі Алакөлдің жағасында тыныққан.
"Қазақстан – үлкен қашықтықты аумақ. Алматы облысын алатын болсақ, бізде туристік нысандардың арасындағы ара қашықтық өте көп. Ал негізі көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету осындай кіші авиацияны пайдалана отырып іске асыруға әбден мүмкін", – дейді Алматы облыстық туризм басқармасының басшысы Жанар Алшымбаева.
Екі ұшақтың бірі Талдықорғаннан Алматы, Үшарал, Семей, Өскемен бағыттарына қатынайды. Жаз кезінде Алакөлге күн сайын 3-4 мәрте ұшады. 19 жолаушыға арналған.
Екінші ұшақ санавиациялық мақсатта пайдаланылады.
Ал ұшқыштар жергілікті азаматтардан таңдалады.
"Чехия мемлекетіне 10 адам кетті. Сол жақта оқып, ұшу практикасын 24 күн ішінде бітіріп келеді", – дейді авиакомпания президенті Қалтай Дөңсебаев.
Атап айту керек, әуе кемелері 2015-2019 жылдарға арналған инфрақұрылымды дамытудың "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында сатып алынған. Облыстың авиапаркі келешекте шамамен 50 адамға лайықталған тағы бір үлкен ұшақпен толығады.