Жетісулық тұрғын өз ауласында голланд қызғалдағын өсірді

355

Жетісулық тұрғын Халықаралық әйелдер күнінің қарсаңында 30 мыңға жуық голланд қызғалдағын баптап өсірді.  

Жетісулық тұрғын өз ауласында голланд қызғалдағын өсірді Фото: gov.kz

Өз қолымен салған жылыжайда "көктем аруының" 14 түрін жайқалтып отыр, деп жазады inbusiness.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көктем мерекесі дегенде ең алдымен адамның ойына әсем де нәзік гүл шоқтары оралады, әсіресе қызғалдақтардың орны бөлек. Бұл ретте өнеркәсіп альпинизмі мамандығына машықтанған Сарқан ауданының тұрғыны Бауыржан Бөлегенов негізгі жұмысынан бос уақытын бақшасында қызғалдақ өсіруге арнапты. Ол бұл іске 6 миллион теңгеге жуық жеке қаражатын жұмсаған. Бүгінде оның жылыжайында қызыл, сары, қызғылт, ақ, түрлі түсті, пион тәріздесі, шашақты қызғалдақтың сан алуан түрі көздің жауын алады.

"Мен неге осы өзімізде жақсы өсетін қызғалдақтарды алыстан әкелеміз деп ойладым. Оны сырттан тасымалдау гүлдің бағасына да, сапасына да айтарлықтай әсер етеді. Менің қызғалдақтарым еш жерде жатып қалған жоқ, ешқайдан әкелінген жоқ, бақшамда өсіп тұр. Демек олардың гүл шоқтары да әлдеқайда ұзағырақ тұрады", - дейді Бауыржан Бөлегенов.

Оның айтуынша, бұл - маусымдық жұмыс. Өзінің негізгі жұмысы бар болғандықтан, қысқы уақытты пайдалы өткізу ниетімен осы істі қолға алған.

"Ойлана келе қызғалдақ өсіру керек деп шештім. Өйткені, көкөністі өсіру маған әлдеқайда қиын. Өз бақшамның аумағында өз күшіммен жылыжай салдым, жалпы ауданы - 110 шаршы. Содан соң голланд қызғалдақтарының тамыр-түйіндерін сатып алдым, арнайы компания Алматыдан жеткізіп берді. Оның 14 түрлі сортының 30 мыңға жуық түбірін отырғыздым. Олардың 4-5-еуі-ерте гүлдейтін сорт, қазірдің өзінде гүлдеп тұр. Гүлдерді технологиялық стандартқа сай сақтауға қоямын. Жылыжай жылы, сондықтан гүлдер жұмсақ, ал сабағы мен бүршігі қатты әрі серпімді болуы үшін оларды суықта ұстау керек. Сол үшін маған жазғы ас үйді жабдықтауға тура келді. Бұл оңай болған жоқ. Көктемге қарай қызғалдақтарыма сұраныс болады деген үміттемін. Жалпы, гүлдерді өсіру, әсіресе жылыжай жағдайында күтіп-баптау ерекше күш-жігер мен қамқорлықты қажет етеді. Температура режимін сақтаумен қатар ылғалдылық деңгейі және басқа да көптеген ұсақ-түйек сияқты көрінгенімен маңызды нәрселер бар. Мен гүл бизнесінің осы бүкіл ерекшеліктерін біртіндеп игердім. Енді өнімімді сату үшін іскерлік байланыстар орнатуым керек, - дейді әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін пайдаланатын кәсіпкер.

Бауыржанға гүл өсіруде жұбайы Рания көмектеседі. Егер өнімнің өтімі көңілдегідей болса, ерлі-зайыптылар келесі жылы қызғалдақ өсіруді жалғастырып, көлемін бірте-бірте 150 мың түпке жеткізбекші.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу