Жезқазған қаласында жазасын өтеушілер наразылық шарасын жасады

643

Сотталушылар өз аузы мен көзін тіккен.

Жезқазған қаласында жазасын өтеушілер наразылық шарасын жасады

Әлеуметтік желіге Жезқазған қаласындағы АК - 159/25 түзету мекемесінің сотталушыларының наразылық жасаған бейнежазбасы тарап кетті. Жазасын өтеушілер YouTube желісіне бейнежазбаларын салған. Сотталушылар наразылық шарасы ретінде ауыз бен көздерін тігіп тастаған. Олар түрме басшылығы тарапынан қысым жасалатынын мәлімдеген. Сонымен қатар түрме бастығы түзету мекемесіндегі сорақы жағдайды айтпаулары үшін өздеріне есірткі мен ұялы телефон бергенін айтады.

"Егер бізді өлтіріп тастаса , шындықты айтқанымыз үшін жаза тарттық деп есептейміз",– дейді жазасын өтеушінің бірі жарияланған бейнежазбада. 
Қылмыстық атқару жүйесі департаменті аталмыш жайтқа қатысты мәлімдеме жасады. Ресми органның айтуынша наразылық танытқан үш сотталушы – Н.Б. Баймағанов , Ж.Р. Жармағанов , М.Х Сапаров  аса ауыр қылмыс жасағандар.

Бұл оқиғадан кейін прокуратура мен Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мамандарынан жасақталған тергеу оперативтік тобы түзету мекемесіне барған. 

"Шағым білдірген сотталушылар бұған дейін де бірнеше рет режим бұзған айыпталушылар. Қызметтік тексерістен соң бұл оқиғаға мамандардың қатысы болса, олар міндетті түрде жаза алады. Тәртіптік жаза, қылмыстық жазаға тарту,  жұмысынан шығару  жазалары қарастырылады. Тергеу барысында наразы болған жазасын өтеушілерден жауап алынды , ұялы телефондары тәркіленді",– деп мәлімдеді Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі. 

Арайлым Еркебаева 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу