Жезқазған қаласындағы апатты үйді жөндеуге қаржы бөлінеді

1395

Жезқазған қаласындағы апатты үйді жөндеуге қаржы бөлінеді

Жезқазған қаласы Алашахан көшесіндегі 33-үйдің апатты жағдайдағы кіреберісін жөндеуге қаржы бөлінеді. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Фейсбук әлеуметтік желісінде Берік Жағыпаров атты қолданушы Жезқазған қаласында Шахандағы төтенше оқиға қайталануы мүмкін деп далбыл қаққан болатын.

"Алаша хан көшесіндегі 33-үйдің жігі ажырап құлау алдында тұр.  Жергілікті әкімдіктің әрекетіне апатты үйдің тұрғындарының көңілдері толмайды. Бірнеше айдан кейін жер жылынады, тірегіштер үйді сүйеп тұра алмауы мүмкін, ал монтаж көбігі бес қабатты блокты үйдің қабырғасын ұстап тұруға дәрменсіз. Тұрғындар әкімдік мамандарына сенбейді, сол себепті тәуелсіз сараптама тағайындалып, бұл үйде тұру қауіпсіз екендігі анықталғанын қалайды. Егер үйдің құлау қаупі болса, адамдарды көшіретін уақыт келген жоқ па?", – деп жазады қолданушы. Қолданушы Фейсбуктағы парақшасында тұрғын үйге қойылған тіреулер мен жігі ажыраған үй бөліктерінің суретін жариялаған.

1966 жылы салынған бес қабатты тұрғын үй панельді типке жатады. "Босаға" ПИК қарасты үйдің жалпы ауданы – 5525,7 ш.м, оның ішінде тұруға жарамды ауданы – 2985,8 ш.м.  

90 пәтерлі бес қабатты үйде 6 кіреберіс бар. "Жаңа-құрылыс" ЖШС мамандандырылған ұйымының 2016 жылдың қараша айындағы сараптамасының қорытындысы бойынша, аталмыш үйдің бірінші кіреберісі апатты деп танылған. Апатты кіреберісте 15 пәтер орналасқан, олар жекеменшіктің иелігінде. "Босаға" ПИК өтініші бойынша жүргізілген сараптаманы "Жаңа-құрылыс" ЖШС 3 млн 200 мың теңгеге бағалады.

"Қазіргі таңда бірінші кіреберісті әрі қарай бұзу тоқтатылған. Ішкі бөлігіне арматурамен бетонды құрылыс жұмыстары жүргізілді және сыртқы бөлігіне швелер қойылды. БАҚ-да жарияланған фотосуреттер уақытша конструкция ғана болып табылады. Үйдің іргетасы нығайтылған соң бұл тіреулер алынып тасталады", – деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

"Жаңа құрылыс" ЖШС-ның сарапшылар тобы үйдің бірінші кіреберісін толық тексергеннен кейін тұрғындар үшін қауіпсіз деп таныған.

"Алаша хан көшесінің бойындағы №33 тұрғын үй "Босаға" ПИК балансында тұрғандықтан, жөндеу жұмыстарына қаражат бөлу мүмкін емес.
Алайда апатты кіреберісті жөндеуге қаражат Жезқазған қаласының жергілікті атқарушы органдарының резервінен бөлінеді", – деді облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша Жезқазған қаласында осындай 28 апатты үй бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу