Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының Жезқазған аумақтық бөлімінің басшысы параны алтын бұйымдар мен ақша түрінде алып келген. Сыйлықтарды перзентханалардың басшылары, ауруханалар, емханалар мен отбасылық-дәрігерлік амбулаториялардың қызметкерлері тасыған, деп хабарлайды Liter.kz-ке сілтемемен ҚазАқпарат.
Қаланың бас дәрігері өз кабинетін пара алу орнына айналдырған.
"Жезқазған қалалық перинаталды орталығы басшысының орынбасары ақшалай қаражат пен зергерлік бұйымдарды қызметке тағайындалуға қолғабыс еткені және жалпы қамқорлығы үшін берген", - деп мәлім етті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Қарағанды облыстық департаменті басшысының орынбасары Ерік Есенов.
Мұндай фактілер көп болып шықты. Ақшаны оған Жезқазған мен көрші Сәтбаев қаласындағы медицина саласының өкілдері беріп келген.
"Өзінің қызметтік кабинетінде Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының медициналық мекеме басшыларынан бірнеше мәрте сыйлықтар алған. Олардың арасында "Жезқазған медициналық орталығы" ЖШС, "Доктор Бубновский" медициналық орталығы, "Қаратал" емханасы, Сәтбаев қаласының ауруханалары және барлық отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар бар", - деді Е.Есенов.
Жезқазған қалалық соты шенеунік әйелге үкім шығарды. Судья оны ҚР ҚК-нің 366-бабы ("Пара алу") бойынша кәнілі деп тауып, 1 млн 750 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Сондай-ақ бөлім басшысын өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырды.
Пара берген қызметкерлердің дені жазадан босатылды.
Айта кетейік, 21 мамыр күні Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов қызметінен босатылған болатын. Ол өз еркімен жұмыстан кету туралы өтініш түсірген. Оның міндетін уақытша атқару әкім орынбасары Амангелді Мұхамбединге жүктелді.
Ал 4 маусым күні Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Орынбаев пара алу күдігіне ілігіп, үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Ол қаланың сумен жабдықтау желілерін жөндеу бойынша орындалған жұмыстар актісіне кедергісіз қол қоюы және "Өңірлерді дамыту 2020" мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатының уақытылы төленуі үшін ЖШС өкілінен 550 мың теңге пара алған.
Алайда, әкім орынбасары кінәсін толық мойындауына байланысты қамауға алынған жоқ.