27 мамырда сағат 8.53 те Жезқазған қаласындағы "Қазақмыс" корпорациясының Жезқазған мыс балқыту зауытынан өрт шыққаны туралы хабарлама Төтенше жағдайлар қызметіне түскен. Зауыттың балқыту цехындағы трансформатордың жанатын бөліктері мен майлары өртке оранған. Тілсіз жау шарпыған аумақ шамамен 100 шаршы метр алаңды құрап отыр. Өрттен зардап шеккендер мен құрбан болғандар жоқ. Қазіргі уақытта балқыту цехында өндіріс уақытша тоқтатылған, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД күштері мен құралдарынан 26 адам және 7 бірлік техника, сондай - ақ "Серіктес" МЕӨҚҚ ЖШС-ның 13 қызметкері мен 3 техникасы жұмылдырылды",– деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Арайлым Еркебаева