Экология және табиғи ресурстар министрлігі әлеуметтік желілерде тараған жолбарыс суретіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Әлеуметтік желілерде "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватының аумағында табиғатқа жіберілген жолбарыс түсірілді деген ақпаратпен фотосурет таралып жатыр. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Жарияланған суретте жасанды интеллект (AI) арқылы жасалған болуы мүмкін белгілер байқалады", – делінген ресми ақпаратта.
Министрлік табиғатқа жіберілген жолбарыс спутниктік GPS-ошақпен жабдықталғанын хабарлады. Белгілі болғандай, "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватының мамандары оның орналасқан жері мен жағдайын тәулік бойы үздіксіз бақылауда ұстайды.
"Сондықтан жануардың "кездейсоқ түсірілгені" туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Азаматтар мен БАҚ өкілдерін тексерілмеген ақпаратты таратпауға және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырамыз", – деп хабарлады Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Айта кету керек, бұған дейін қазақ даласына 70 жылдан кейін алғаш рет жолбарыс жіберілгенін жазғанбыз.