Жиһаз жасаймын: Студент Түркістан тұрғындарын сан соқтырды

279

Әлеуметтік желіде 4 жалған парақша ашып, тұрғындарды алдаған студент ұсталды.

Жиһаз жасаймын: Студент Түркістан тұрғындарын сан соқтырды Фото: Polisia.kz

Түркістан облысында жиһаз жасаймын деп әлеуметтік желіде 4 жалған парақша ашып, тұрғындарды алдаған студент жігіт ұсталды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын көмек сұрап, арызданған. Ер адамның айтуынша, белгісіз біреу Instagram әлеуметтік желісінде үй жиһазын жасап беретінін айтып, ақшасын иемденген.

Келіп түскен шағымға байланысты жедел-іздестіру шараларына "Cyberpol" тобының тәжірибелі полиция қызметкерлері жұмылдырылды, деп жазды Polisia.kz.

"Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде Атырау қаласының 20 жасар тұрғыны анықталды. Әрі қарай тексерулер барысында жігіттің студент екені және ол әлеуметтік желіде 4 бірдей жалған парақша ашып, тұрғындарды алдағаны белгілі болды. Мақтааралдық тергеушілер студент жігіттің 10 адамды алдап, 4 миллион теңге шығын келтіргенін нақтылады. Яғни, жас жігіт instagram-да үй жиһаздарын арзан бағада жасайтынын айтып, жалған жарнамалар жасап облыстың тұрғындарын алдаған", - делінген хабарламада.

Сенім білдірген азаматтар жас жігіттің парақшасындағы жиһаздардың суреті арқылы тапсырыс беріп, ақшаны алдын ала онлайн аударған.

Бүгінде ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті жігіттің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу