Жібек жолы елдері қалаларының мэрлер клубын құру ұсынылды

802

Жібек жолы елдері қалаларының мэрлер клубын құру ұсынылды

Халықаралық форум шеңберінде өткен "Тірі және тұрақты қала: әріптестік пен инновацияның арқасында болашақты қамту" дөңгелек үстелінің қорытындысы бойынша Астана әкімі Әсет Исекешев Жібек жолы елдері қалаларының мэрлер клубын құруды ұсынды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Бас қала әкімі Астананың белсенді әріптестікті кеңейтуге дайын екендігін мәлімдеді. 

"Мен форумның жұмысы өзінің оң нәтижесін береді деп сенемін. Расында қазір президент, үкімет деңгейінде Жібек жолын қайта жаңғырту туралы көптеген конференциялар өтуде. Біз Жібек жолындағы қала деңгейінде белсенді әріптестік пен диалогты кеңейтуге дайынбыз. Сіздердің екіжақты және көпжақты форматқа ие ұсыныстарыңызға ашықпыз. Бізде де бірнеше идеялар бар. Оған да кері байланыс болады деп үміттенемін", – деді Әсет Исекешев.   

Бұдан басқа, Астана әкімі Жібек жолы елдерінің қала мэрлер клубын құрудың маңыздылығын айта кетті. 

"Бізге Жібек жолы қалалары мэрлерінің институттық клубын құруымыз керек. Әзірге оның құрамына барлық қала кірмеуі мүмкін. Бірақ бізге келіп қосыларына сенімдімін. Осылайша біз түрлі елдер мен қалаларда мәдениет, спорт, смарт-технологияны дамыту, транспорт жөнінде тек қана мэрлер деңгейінде ғана емес, мамандармен де шаралар өткізер едік. Бұл бәрімізге де тиімді болар еді", – деп мәлімдеді. 

Сондай-ақ Әсет Исекешев Жібек жолы елдері қалаларының ақпараттық-талдау ресурсын құруды ұсынды. 

"Мен ақпараттық талдау ресурсын құруды ұсынамын. Онда түрлі қалалар туралы, үздік тәжірибе мен оқиғалардың күнтізбесі ұсынылар еді. Сол күнтізбенің арқасында біз іс-шаралардың қайда, қашан болатынын біліп, қатысар едік", – деді Астана әкімі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу