Ақмола облысының Ақкөл ауданында қарт адамға қатысты жасалған алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Полиция мәліметінше, жәбірленушінің әпкесі қайтыс болғаннан кейін оның 34 жастағы жиені үй шаруашылығына көмектесу үшін онымен бірге тұруға көшкен. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам қарт туысының сенімін пайдаланып, оның банк картасын иемденіп, шотындағы ақшаға қол жеткізген.
Тергеу барысында күдіктінің бір ай ішінде зейнеткердің қаражатын өз қалауынша жұмсағаны анықталған. Келтірілген шығын көлемі шамамен 400 мың теңгені құрады.
Зейнеткер ақшасын қайтаруды талап еткенде, жиені одан бас тартқан. Осыдан кейін қарт адам полицияға жүгінген.
Аталған факті бойынша алаяқтық белгілерімен сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктінің қылмысқа қатысы тексеріліп жатыр. Қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Полиция жақын адамдарға банк картасын, PIN-кодты және банк қосымшаларына кіру деректерін берген кезде сақ болуға шақырады. Ақшаны заңсыз пайдалану фактілері анықталған жағдайда, дереу полицияға хабарласу қажет.