Депутат Дайрабаевтың ұлдары жамбылдық тұрғынды құлдықта ұстаған

1356

Жамбыл облысының тұрғыны құлдықта болған кезде бірнеше мәрте қашуға тырысқанын жеткізді.

Депутат Дайрабаевтың ұлдары жамбылдық тұрғынды құлдықта ұстаған Фото: mazhilis.kz

60 жасар қазақстандық Василий Ковешников Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың ұлдары оны еңбек құлдығында ұстағанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

Василий Ковешниковтың сөзінше, ол соққыға жығылған әрі оған кетуге  рұқсат берілмеген. Жамбыл облысының тұрғыны өзін Дидар Молдақалық пен Марат Дайрабаевтың үйінде тұтқында болғанын мәлімдеді.

"Мен құлпынай алқабына қарадым, ал қыста малға қарадым. Бір тиын да алмадым. УАЗикте тұрдым, жылдам дайындалатын кеспе іштім. Марат мені екі рет ұрды. Бір рет Дидардың, бір рет өзінің үйінде. Соның салдарынан бір ай бойы аяққа тұра алмадым, кеудеге зақым келді. Соңғы рет қашуға талпынғанымда түнгі сағат үште Меркіге дейін жаяу шықтым, жолда мейірімді адамдар кездесіп, мені жеткізіп тастады", – деді Василий Ковешников.

Ресурстың жазуынша, тұрғын журналист Сабыр Мақажановқа жүгінген.

Ақпаратқа сәйкес, 2023 жылдың қаңтар айында Жамбыл облысының полициясы Ковешниковтың құлдықта ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Ер адам құлдықта болмағанын айтқан. Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Василий Ковешников Дайрабаевтың ұлдарының қысымымен жалған куәлік беруге мәжбүр болғанын жеткізді. 

"Жигули Дайрабаевты танимын. Ол маған ұялы телефонды сыйға берді,  алайда ұлы оны тартып алып сындырды", - деді ер адам.

Бұл ретте халық қалаулысы Жигули Дайрабаев Василий Ковешниковпен таныс емес екенін жеткізді. Ол Ковешниковтың 1,5 жылға жуық ұлының қол астында жұмысшы болып еңбек еткені туралы білетінін айтқан.  

"Құлдық туралы сөз болуы мүмкін емес. Ол сол жерде өз еркімен болды, сәйкесінше кез келген уақытта жұмыстан кете алады. Солай жасады да.  Бұл оның құқығы. Құжаттары өзімен бірге болды, өңірде емін-еркін жүрді", - деді депутат.

Депутат оған қарсы ақпараттық шабуыл ұйымдастырылды деп отыр.

Еске салайық, осыған дейін Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың ұлдары сотталғанын жазған болатынбыз. Олар субсидияны ұрлау арқылы мемлекетке 550 млн теңге шығын келтірді деп айыпталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу