Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев елде агробанк құру мәселесін тағы көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Депутат Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.
"Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие көлемін 1,5 трлн-ға жеткізу бойынша Үкіметке нақты тапсырма берді. Алайда қаржыны уақытылы фермерлерге жеткізу кезіндегі проблемаларды, жүйеде туындайтын оқылықтарды ескеріп агробанк құру мәселесін қайта көтеруге мәжбүрміз. Біздің фракцияның депутаттары бірінші күннен бастап осы сұрақты әрдайым көтеріп, басқа әріптестерімізден де қолдау тапқан болатын. Алайда бұл сұрақты қарастыру бойынша жұмыс тобы құрылғанымен, іс мардымсыз жүруде", – деді депутат.
Жигули Дайрабаев көршілес Қырғызстанның тәжірибесін мысалға келтірді.
"Айыл банктің жұмысымен кеңінен таныстым. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес Қырғыз елінің банктері 86 млрд сом көлемінде таза табыс тапқан, ал Айыл банк сол көрсеткіштердің көшін бастап тұр. Яғни 5,5 млрд сом көлемінде қазынаға пайда әкелген. Осындай жаңалықтарды неге біздің Үкімет ескермейді? Әлде бұл банк иелерінің лоббиі ма?", – делінген депутаттық сауалда.