Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев картоп бағасына қатысты ажиотаж жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмағанынан қалыптасты деп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Палата отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданған болатын.
"Сертификат беріп, реестрге тауар өндірушілерді тіркегенде олардың тауарларын сатып алуды да ұйымдастыруды ойлау керек. Оны ешкім ойлап отырған жоқ. Кешегі картоптың ажиотажын көріп отырсыздар. 2 млн 900 мың тонна картоп өндірілді. Бізге 20 миллион халыққа былай жетеді. 100 келіден есептегенде 2 миллион тонна жеткілікті. 900 мың тоннаны сатсын. Ұйымдастырылған жұмыс болмағандықтан, осындай нәтижеге жетіп отыр. Сондықтан реестр, сертификат – оның бәрі жөн шығар. Бірақ та, тауар өндірушілерді қолдау, солардың жұмысын ұйымдастыруды қолға алу керек. Сонда ғана отандық өнімдерді қолдағанымыз", – деді мәжілісмен.
Айта кету керек, осыған дейін Сауда министрлігі картоп бағасына қатысты мәлімдеме жасағанын жазғанбыз.