Экономика ғылымдарының докторы, Sciences Po университетінің профессоры (Франция), Еуропалық даму банкінің бұрынғы бас экономисті Сергей Гуриев Алматыда өткен "Ашық экономика" форумында еліміздің соңғы жылдары жеткен экономикалық жетістіктеріне тоқталды.
"Қазақстан бүгінде орташа табыс деңгейін Ресейден жоғары сатыға жеткізе алды. Енді инновациялар мен білімге негізделген дамудың келесі кезеңіне өту маңызды. Сондықтан адами капиталға инвестиция салу, білімге негізделген тауарлар арқылы жаһандық нарыққа шығу сынды ілгері жылжудың бірнеше жолы бар",-дейді Сергей Гуриев.
Сонымен қатар сарапшы, Қазақстан бәсекеге қабілетті қаржылық жүйе құруы керек деп есептейді.
"Себебі табысы орта деңгейдегі елдерге инновациялық саланы инвестициялау үшін әр тараптандырылған қаржылық нарық қажет",-дейді Сергей Гуриев.
Бұдан бөлек экономист Қазақстан жалпы ішкі өнім бойынша Ресейден алда екенін айтты.
"20 жыл бұрын Қазақстан жалпы ішкі өнім көрсеткіші бойынша Ресейден 40%-ға төмен болған. Бүгінде дүниежүзілік банк мәліметтеріне сүйенсек, жан басына шаққанда жалпы ішкі өнім көрсеткіші бойынша Қазақстан Ресейдің алдына шықты. Оның негізгі факторы Қазақстанда жан басына шаққанда мұнайдың көп болуы, одан түскен қаржыны дұрыс пайдалана білуде. Ал тағы бір маңызды фактор Қазақстанға экономикалық санкциялар салынған жоқ",-дейді сарапшы.
Сергей Гуриевтің пікірінше, қазіргі білім саласы мен ел экономикасының дамуына "Болашақ" бағдарламасы бойынша жастарды оқыту, Назарбаев Университетiн құру жақсы әсер еткен.
"Көп жылдар бойы жоғары білім беру саласында еңбек етіп келе жатқан адам ретінде 25 жыл бұрын Қазақстан билігі жаңа көшбасшыларды дайындау бойынша қабылдаған "Болашақ" бағдарламасы, кейінгі жылдары Назарбаев Университетiн құру өте дұрыс шешім болды деп есептеймін. Ресей билігі мұндай қадамға барған жоқ. Сондықтан заманауи көзқарастағы көшбасшыларды дайындау бойынша артта келеді",-деп түйіндеді Францияның Sciences Po университетінің профессоры Сергей Гуриев.
Құралай Құдайберген