Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бортында Василий Пивцов пен Мақсұт Жұмаев бастаған құтқару тобы бар Қазақстанның әскери тікұшағы "Победа" шыңын толық шарлап шыққан. Алайда альпинистерден еш белгі байқалмаған. Тікұшақ бүгін соңғы рет іздеуге аттанады. Тіршілік белгісі байқалмаған жағдайда, құтқару жұмыстары тоқтайды.
Ал Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеевтің туыстары үміт үзер емес, олар іздестіруді тоқтатпауды сұрап отыр. Тіпті Президентке де үндеу жолдаған.
"Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, ішкі істер министрі Ерлан ЗаманбекұлыТұрғымбаевқа және қорғаныс министрі Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаевқа іздестіру жұмыстарын тоқтатпауды сұрап, үндеу жолдаймын. Менің жолдасым тәжірибелі альпинист болғандықтан, оларды аман-есен табу ықтималдығы жоғары. Біздің төрт баламыз бар, оның екеуі кәмелет жасына толмаған. Олар әкесін күтіп отыр", – дейді Мұрат Өтепбаевтің жары Шахаризад Шахбутова.
Іздестіру жұмыстарына тепловизорлар да пайдаланылған. Алайда альпинистердің туыстары бұл құрылғы күндізге қарағанда, түнгі уақытта жақсы көмектесетіндігін айтады. Ол үшін түнде ұшуға рұқсат берілуге тиіс.
Ал альпинистердің жоғалған күнінен бастап оқиғаны жіті қадағалап отырған Алматы қаласы альпинизм федерациясы Фейсбуктегі парақшасында: "Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеевті тірі күйінде табу мүмкіндігі жоқ", – деп жазды.
"Өкінішке қарай, альпинистерді тірі күйінде табу мүмкін емес. Оны мойындауымыз керек. Тікұшақ бүгін аспанға көтеріліп, соңғы рет шыңды айналып шығады. Одан кейін құтқару-іздеу жұмыстары тоқтайды. Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев, Александр Чечулиннің туыстарына көңіл айтамыз. Бұл қазақстандық альпинизм үшін орны толмас қайғы", – делінген федерацияның Фейсбуктегі парақшасында.
Құралай Құдайберген