Жоғалған балалардың дені отбасындағы ұрыс-керіс себебінен үйінен кеткен

928

Атырау облысында биыл 48 бала жоғалып, түгел табылды.

Жоғалған балалардың дені отбасындағы ұрыс-керіс себебінен үйінен кеткен

Атырау облысында жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны азайған. Жыл басынан бері олардың тарапынан жасалған 39 қылмыс тіркелген, бұл былтырғымен салыстырғанда 9,3 пайызға аз көрсеткіш. Тәртіп сақшылары полиция органдарына жеткізген 1551 кәмелетке толмаған баланың 1495-і әртүрлі әкімшілік түрлі құқық бұзушылықтар жасаған. 

"Жыл басынан ішкі істер органдарының есебіне 78 жасөспірім және 42 тұрмысы нашар отбасы алынды. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 39 жасөспірім жеткізіліп, 2006 жылы туған бір жасөспірім девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатқа рәсімделді. Ата-аналардың немесе басқа да заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамауының 85 фактісі анықталды, олардың он үш жағдайында кәмелетке толмаған балалар ішімдік ішкен", – деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.  

Сонымен қатар, сағат 22.00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде және 23.00-ден кейін ересектерсіз үйден тыс жерде болған 1400-ден астам жасөспірім анықталды. Барлық жағдайларда балалардың ата-аналарына немесе олардың заңды өкілдеріне әкімшілік хаттамалар толтырылып, тиісті шаралар қабылданған. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына полиция қызметкерлерімен жинақталған 62 құжат жіберілді, үш жағдайда  сот  шешімімен ата-ана құқықтары шектелді.

Балаларға қатысты кездесіп отырған тәртіп бұзушылықтың бірі – олардың ата-анасы мен жақындарына ескертпестен жоғалып кетуі. Атырау облысының полиция органдарына биыл балалардың жоғалуы туралы 48 хабарлама келіп түсіп, қазіргі күні олардың барлығы табылыпты. Оның басты себептері, біріншіден, балалардың ересектерге айтпастан, өзен-көлдерді жағалап, қыдырыстап кетуі; екіншіден, ұрыс-керіс салдарынан үйден кетіп қалуы. Әке-шешесімен болған кикілжің салдарынан жасөспірімнің кетіп қалуы Атырау қаласынан бөлек, Мақат, Индер және Қызылқоға аудандарында тіркелген. Полиция қызметкерлері мұндайда жеткіншекті үйіне қайтарып қана қоймай, ата-аналарымен, баламен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұдан бөлек, қаңғыбастыққа бейім жасөспірімдер де бар. Биыл сондай беталды жүре беруге бейім жеті баланың ісі арнайы комиссияда қаралып, балалардың ата-аналарына ескерту берілген.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу